You are currently viewing «Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапхана ашылды

«Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапхана ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапхананың ашылу салтанаты өтті.

«Open spaсе» – профессор-оқытушылар мен білім алушыларды отандық және шетелдік кітап-оқулықтармен қамтамасыз ететін, жаңа технологиямен жабдықталған, түрлі форматтағы кездесулер өткізуге қолайлы кітапхана.

Кітапхананың ашылу салтанатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова рухани орталық студенттердің сапалы білім алуына, тұлғалық дамуына серпін беретінін атап өтті.

— Қай кезде, қай заманда болмасын кітап құндылығын жоғалтпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын.

Уақыт өткен сайын кітапхананың оқырманға ұсынатын мүмкіндігі артып келеді. Қазір университеттің ғылыми кітапханасында 2 миллионнан астам кітап қоры бар. Жыл сайын оқу процесіне қажетті кітаптар жаңадан алынып, оқулықтардың саны артуда, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми потенциалы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, кітапхананың ашылуы жастардың интеллектуалдық деңгейінің артуына, жаңа идеялардың туындауына, білім алушылардың осында жиі бас қосуына ықпал ететінін айтты.

Айта кету керек, оқу орнында электронды кітаптардың да саны артуда. Университеттің ғылыми кітапханасы AlemBook электронды кітапханасымен 5 жылға келісімшарт жасасты. Қазір студенттер кез келген уақытта интернет арқылы AlemBook электронды кітапханасының кітаптарын тегін оқи алады.

Сонымен қатар, Республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапханасының базасын пайдалану мерзімі 5 жылға ұзартылды.

2021-2022 оқу жылында жалпы сомасы 38 миллионнан астам теңгені құрайтын 5710 дана оқу құралы сатып алынды.

Бүгінде университет кітапханаларын цифрландыру жұмысы қарқынды. Осы мақсатта құны 6 496 000 теңгені құрайтын жоғары жылдамдықты Optima А2 сканері сатып алынып, өткен оқу жылында 617 дана кітаптың электронды нұсқасы жасалды.

Студенттер сарайында орналасқан кітапханаға күрделі жөндеу жасалып, «Open space» үлгісінде қайта ашылды. Кітапхана 12 орындық соңғы үлгідегі компьютерлермен, ноутбук, 30 орындық конференц зал, 10 орындық кіші зал және студенттер үшін 40 орындық жеке орынмен қамтылған.

Мұнда білім беру бағдарламалары бойынша кейінгі 5 жылда сатып алынған барлық оқу құралы оқырмандарға қолжетімді.

Салтанатты шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова, А.С.Пушкин атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова және зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, білім алушылар қатысты.

Leave a Reply